Жаңалықтар

Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі 2026 жылдың алғашқы бес айында 36,1%-ға өсті

Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетуді жалғастыруда. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында елімізде жеңіл және жүк автомобильдерін, автобустарды, арнайы техниканы, сондай-ақ тіркемелер мен жартылай тіркемелерді қоса алғанда, 78 580 бірлік техника өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,1%-ға артық.

2026 жылдың мамыр айында қазақстандық кәсіпорындар 15 178 бірлік техника шығарды, бұл 2025 жылдың мамырымен салыстырғанда 41,7%-ға жоғары көрсеткіш.

Ақшалай мәнде 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісінің көлемі 932,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 15,5%-ға өсті. Бүгінде автомобиль жасау саласы Қазақстанның машина жасау өнеркәсібінің жалпы көлемінің 41,6%-ын құрайды.

Есепті кезеңде елімізде:

  • 73 122 жеңіл автомобиль (+39,7%);
  • 2 396 жүк автомобилі (-13,1%);
  • 1 281 автобус (+35,3%);
  • 297 арнайы техника бірлігі (-3,9%);
  • 1 484 тіркеме мен жартылай тіркеме (+4,7%) өндірілді.

Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Мақашева автомобиль зауыттарының айналасында автокомпоненттер өндірісін дамыту өндірісті жергіліктендіруге, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және технологиялық құзыреттерді дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Президенті айқындаған автомобиль кластерін дамыту бағытын жүзеге асыру саланың одан әрі өсуінің маңызды факторы болып отыр.

Өндіріс көлемі бойынша көшбасшылықты Allur компаниясы сақтап, 27 911 бірлік техника шығарды. Екінші орында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) жаңа зауыты – 21 478 автомобиль, үшінші орында Hyundai Trans Kazakhstan16 161 автомобиль. Ал Kia Qazaqstan кәсіпорны 8 059 автомобиль өндірді.

Коммерциялық техника сегментінде ең жоғары өсім қарқынын QazTehna (+82,3%), Hyundai Trans Almaty (+185,8%) және Daewoo Bus Kazakhstan (+230%) көрсетті.

Қаңтар–мамыр қорытындысы бойынша Қазақстанда өндірілген автомобиль брендтері арасында Hyundai (16 131 автомобиль) бірінші орында. Одан кейін Chevrolet (14 996) және Kia (9 209) орналасқан. Сонымен қатар Changan, Chery, Haval, Jetour, JAC, Geely Galaxy және Tank брендтерінің өндіріс көлемі де айтарлықтай жоғары болды.

Автомобиль өнеркәсібінің қарқынды дамуы заманауи технологияларға, автокомпоненттерге, өндірістік жабдықтарға және автокөліктерге қызмет көрсетуге арналған шешімдерге деген сұранысты арттыруда. Дәл осы бағыттар Қазақстан, Орталық Азия және басқа да елдердің өндірушілері, жеткізушілері, дистрибьюторлары мен сала мамандарын біріктіретін Automechanika Astana көрмесінің басты назарында.

Automechanika Astana 2027 Қазақстанның автомобиль өнеркәсібінің тұрақты дамуы аясында нарықтың өзекті үрдістерін талқылауға, инновациялық шешімдерді таныстыруға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға арналған өңірдегі жетекші B2B алаңға айналады.

Дереккөз: Қазақстан автомобиль одағы (ҚАО).
2026-07-10 10:49